Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан Черногорияны 7:0 есебімен жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін әлем чемпионатының екінші іріктеу сатысындағы кезекті ойынын Черногорияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан Черногорияны 7:0 есебімен жеңді

Кездесу барысында қазақстандық футзалшылар сенімді ойын көрсетті.

Нәтижесінде бірінші кезеңде ел құрамасынан Жуниор Дуглас 1-минутта есеп ашса, Абдирасул Әбдіманапұлы – 3, Арнольд Кнауб 14-минуттарда есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде Альберт Ақбалықов 21-минутта мергендік танытса, Біржан Оразов 24 және 25-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ойын нүктесін Азат Валиуллин 39-минутта қойды.

Осылайша ел футзалшылары қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті.

ҚР құрамасы бесінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Словения мен Черногория.

Бұған дейін қазақстандық футзалшылар өз алаңында Словенияны 2:0 есебімен тізе бүктірсе,сырт алаңда Черногорияны 5:1 есебімен жеңді.

Өз тобында тоғыз ұпаймен бірінші орын алған Қазақстан құрамасы бір тур бұрын үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Енді құрамамыз 2023 жылдың 8 наурызында Словениямен сырт алаңда тағы бір мәрте кездеседі.

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсіп, 2021 жылы төртінші орынға табан тіреген еді.


Фото: sports.kz