Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» косоволық «Приштина» командасын жеңді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңін жеңіспен аяқтады.Қазақстандық клуб үшінші турда Косовоның «Приштина» командасымен кездесті.

футзал
Фото: «Қайрат» футзал клубы

Ойын барысында алматылық клубтан Біржан Оразов 6-минутта есеп ашса, одан кейін Кевин Аррьета 17-минутта басымдықты арттырды. Ал 22-минутта «Қайрат» сапынан Ромуло өз қақпасына гол соғып алды. Одан кейін алматылық командадан Біржан Оразов 30-минутта тағы бір мәрте мергендік танытса, Оливейра Да Силва 34-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Бүгін төртінші топта «Спортинг» (Португалия) мен «Ново Вриеме» (Хорватия) шеберлік байқасады.

Алғашқы екі турда алматылық команда хорватиялық «Ново Вриемені» 3:2 есебімен жеңсе, одан кейін Португалияның «Спортингтен» 2:7 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл кезеңде қазақстандық команда өз тобында 6 ұпаймен екінші орын алды.

Сондай-ақ үшінші топта «Семей» Испанияның «Пальма» клубымен ойнайды. Кездесу Қазақстан уақытымен 23:30-де басталады.

Қазірге дейін семейлік команда Чехияның «Хрудимін» 9:5 есебімен жеңсе, франциялық «Этуальға» 3:4 есебімен есе жіберіп қойды.

Бұған дейін «Қайрат» пен «Семей» бүгін үшінші ойындарын өткізетінін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар