Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін әлем чемпионаты іріктеу кезеңін бастайды
АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін, 20 қазанда елордада 2028 жылғы әлем чемпионаты негізгі іріктеу кезеңінде Беларусьпен кездеседі.
Бұл ойын Қазақстан уақытымен 20:00–де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ұлттық құрама ойыншылары алдымен оқу-жаттығу жиынына 10 қазанда Астанада жиналды.
Қазақстан құрамасының тізімі
Қақпашылар: Игита, Талгат Өтепбергенов, Нарун Серіков.
Алаңдағы ойыншылар: Біржан Оразов, Жахангир Рашит, Арнольд Кнауб, Нұрсұлтан Пиялы, Дуглас, Эдсон, Ержан Карменов, Нұрқанат Бактияров, Александр Дерябин, Ринат Төреғазин, Альберт Акбалықов, Азат Валиуллин, Дәурен Тұрсағұлов.
Айта кетейік, іріктеудің негізгі кезеңінде 36 ұлттық құрама бақ сынайды. Олар үш құрамадан 12 топқа бөлінді. Матчтар үйде және сырт алаңда өтеді.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-топқа түсіп, Беларусь және Албания құрамаларымен кездеседі.
Негізгі раунд матчтары 2026 жылғы 12-21 қазан, 2-11 қараша, 6-9 желтоқсан аралығында және 2027 жылғы 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді.
Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша барлық 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік төрт құрама элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда плей-офф кезеңінде әлем чемпионатының келесі сатысына шығу үшін күресін жалғастырады.
Қазірге дейін футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне төрт мәрте қатысты. Әзірше ең жоғары жетістігі — 2021 жылғы төртінші орын.