Футзалдан Қазақстан құрамасы Futsal Planet нұсқасы бойынша үздік атануы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM - Futsal Planet нұсқасы бойынша футзалдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы әлемнің үздік құрамасы атануы мүмкін. 

футзал
Фото: ҚФФ

Олардан басқа аталған тізімде Аргентина, Аргентина U20, Бразилия, Франция, Индонезия, Иран, Украина, Марокко және Таиланд құрамалары бар.

Былтыр қазақстандық футзалшылар Өзбекстанда өткен әлем чемпионатына қатысты. Қазақстан D тобында Испаниямен 1:1 есебімен тең ойнаса, одан кейін Ливияны 4:1, Жаңа Зеландияны 10:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде өз тобында Испанияны алға жіберіп, екінші орын алды.

Одан кейін 1/8 финалда Португалияны 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалға дейін жетті. Ширек финалда Аргентинаға жол берді.

Қазір ел құрамасы УЕФА рейтингінде екінші орында келеді. Көш басында Португалия тұр. 
Сондай-ақ ұлттық құрама 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін бастап кетті. Ел құрамасы алтыншы топта Армения, Дания және Албаниямен шеберлік байқасады.

Қазірге дейін Албанияны 2:0 есебімен жеңіп, Армениямен 4:4 есебімен тең түсті. Енді 1 ақпанда сырт алаңда Даниямен ойнаса, одан кейін аталған құрамамен өз алаңында 5 ақпанда шеберлік байқасады. Одан кейін 7 наурызда Қазақстан футзалшылары өз алаңында Албанияны қабылдаса, 12 наурызда Армения құрамасына қонаққа барады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне шықты.

Соңғы жаңалықтар