«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Алматының «Қайрат» командасы футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне шықты.

В тобында қазіргі кезде алматылықтар 6 ұпаймен көш бастап тұр.
Франциялық «Этуаль» хорватиялық «Футзал Динамо» командасын 4:3 есебімен жеңгеннен кейін «Қайраттың» мерзімінен бұрын финалдық кезеңге шыққаны белгілі болды.
Екі турдан кейін «Этуальда» - 3, «Футзал Динамо» мен «Олмиссум» командаларында 1 ғана ұпайдан бар. Бірінші турда «Қайрат» «Этуальды» 4:2 есебімен жеңгендіктен, алдағы ойындардың нәтижесі ештеңені шешпейді.
Алматылықтар өз тобындағы соңғы кездесуін «Футзал Динамо» командасымен өткізеді.
Чемпиондар лигасының жартылай финалына «Қайраттан» басқа қалған үш топтың жеңімпазы жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футзалдан «Қайраттың» тағы бір қарсыласын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Семей» элиталық кезеңде қарсыласын ойсырата ұтты.