Футзалдан Қазақстан құрамасы 2010 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алмады
АСТАНА. Наурыздың 21-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2010 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алмады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.Испанияның Бадахос қаласында өтіп жатқан Еуропа чемпионаты негізгі кезеңінде 2-ші топта сынға түсіп жатқан біздің команда кеше екінші ойынын Испания құрамасымен өткізіп, 0:7 есебімен ойсырай ұтылып қалды. Бірінші ойында жерлестеріміз Словакияға 4:6 есебімен есе жіберген болатын. Осы жеңілістерінен кейін Қазақстан құрамасы финалдық кезеңге шығатын мүмкіндіктен айырылды. Топтық турнирдегі қорытынды матчын футзалшыларымыз ертең Молдовамен өткізеді. Айта кетейік, финалдық кезеңге топтан бірінші орын алған құрама ғана жолдама алады. Жолдама тағдыры Испания мен Словакия құрамалары арасындағы ойында шешіледі.