Футзалдан ұлттық құрама Еуропа чемпионатына дайындықты бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы қаңтар айының соңында басталатын Еуропа чемпионатына дайындықты бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  prosports.kz сайтына сілтеме жасап. 

Футзалдан ұлттық құрама Еуропа чемпионатына дайындықты бастады

Бразилиялық маман Какаудың шәкірттері Словенияның Любляна қаласында өтетін Еуро-2018 турниріне тыңғылықты дайындалуда. Осы жолғы дайындыққа 25 футзалшының 17-сі шақырылды. Бірақ Словенияға олардың 14-і ғана барады.

Сонымен қатар ұлттық құрамамыз 27 қаңтарда Украинамен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Ал Еуропа чемпионатындағы алғашқы ойынымыз 1 ақпанда Польша құрамасына қарсы өтеді. Араға екі күн салып, топтағы екінші қарсыласымыз - Ресеймен күш сынасатын боламыз.

Оқу-жаттығу жиынына шақырту алған футзалшылар:

Қақпашылар: Григорий Шамро («Ақтөбе»), Игита («Қайрат»);

Алаңдағы ойыншылар: Арнольд Кнауб, Александр Довгань, Даурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов (Бәрі - «Жетісу»), Серік Жаманқұлов, Лео, Дінмұхамбет Сүлейменов, Шыңғыс Есенаманов, Михаил Першин, Дуглас, Даурен Нұрғожин (Бәрі - «Қайрат»), Павел Таку, Қайрат Иманалин, Альберт Акбаликов (Бәрі - «Ақтөбе»), Антон Рындин («Аят»).