Г.Әбдіхалықова әйелдерді Кедендік одақ мемлекеттерінің экономикалық өміріне белсенді араласуға шақырды
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кедендік одақ мемлекеттерінде әйел адамдарының әлеуетін пайдалану қажет.
Бұл туралы бүгін Астанада «Отбасы. Ұрпақтардың әлеуметтік әділеттігі» халықаралық конференциясында ҚР Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова осылай атап көрсетті.
«Кедендік одақтың экономикалық әлеуеті бұрынғы КСРО-ның 83 пайызын құрайды. Бұл орайда әйелдер саны 50 пайыздан асатын Кедендік одақ мемлекеттерінде әйел адамдарының әлеуетін пайдаланбау үлкен қателік болар еді. Биыл шілде айынан бастап, Кедендік одақ елдерінде 7 техникалық регламент енгізілді және осы жұмыстарға әйелдер өз үлестерін қосуға белсене араласуы тиіс», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада Республикалық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы. Ұрпақтардың әлеуметтік әділеттігі» халықаралық конференциясына Ресей, Беларусь, Литва және Қазақстан мемлекеттерінің әйелдер делегациясы қатысуда. Конференцияның басты мақсаты - саяси, заңнамалық және әлеуметтік-экономикалық негіздерді одан әрі жетілдіру, отбасының мәртебесін нығайту.