Г.Әбдіқалықова әскери білім алып жатқан жасөспірімдермен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елордадағы ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, «Жас ұлан» республикалық мектебінің, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен кездесті.
«Біздің бүгінгі кездесуміз еліміздегі қастерлі мерекелер - Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдық мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Баршаңызды алда келе жатқан мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Жас ұрпақтың аға буынның ерлік жолын үлгі тұтып, Отанын қорғау деген қасиетті борышты бойына сіңіруі мемлекеттіліктің негізін қалыптастырып, Қазақстанның қуатты мемлекет болуына негіз қалайды»,- деді кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысы жылдарында 1 млн 300 мыңнан астам қазақстандықтар соғысқа аттанып, оның 500-600 мыңы жер жастанғанын, қазіргі кезде елімізде 3662 ғана соғыс ардагері қалғанын еске салып өтті.
«Жақында, 26 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясында Мәңгілік ел патриоттық актісі қабылданды. Бұл тарихи құжаттың жастарды отаншылдыққа шақыратыны сөзсіз», - деді Г.Әбдіқалықова.
Кездесу барысында Қазақстанның одан ары дамуы мен гүлденуіне бағытталған «Мәңгілік ел» патриоттық актісін іске асыру аясында өскелең ұппақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеудің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар Қорғаны министрлігінің ардагерлер қауымдастығымен, өскелең ұрпақпен және жаңа қазақстандық патриотизмге тәрибелеу жөніндегі құзырлы мемлекеттік органдармен тиімді қарым-қатынасты орнықтыруды қамтамасыз ету аясында пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында Г.Әбдіқалықоа жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдірудің басымдықтарын белгілеп берді.