Г.Әбдіқалықова: Біздің басты міндетіміз - азаматтардың әлеуметтік ахуалының төмендеуіне жол бермеу
«Жақында Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемнің назарында тұрған сан қатерлерді ескере отырып, ұлттық экономикамызды нығайтуға бағытталған жолды айқындап берді. Жаһандық деңгейдегі қатерлердің алдын алуға бағытталған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2-ші бесжылдықтағы мақсаттарына сәйкес инфрақұрылымдарды дамытуды көздейтін жаңа экономикалық саясат бастамасын өмірге енгізді», - деді ол.
Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша іскерлік белсенділікті арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға, оның әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылатын болады.
«Атап айтсақ, баспананы тікелей делдалдарсыз және несиеге барынша төмен ұсыну, апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемаларын және басқа да мәселелерді шешу арқылы біз отбасының әрі өскелең ұрпақтың сапалы өмірін қамтамасыз ете аламыз. Біздің басты міндетіміз азаматтардың әлеуметтік ахуалының төмендеуіне жол бермеу болып табылады. Сондықтан бұл бағытта әйелдерді инфрақұрылымдық жобаларға тарту, ол үшін жағдай жасау - біздің комиссияның басты мақсаттарының бірі», - деді Г.Әбдіқалықова.