Г.Әбдіқалықова мектеп түлектеріне медицинаға баруға кеңес береді

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Елімізде медициналық кадрлар өте тапшы, сондықтан да мектеп түлектері осы саладағы мамандықтарды таңдағаны дұрыс.

Г.Әбдіқалықова мектеп түлектеріне медицинаға баруға кеңес береді

 Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылғаннан кейін  БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр Гүлшара Әбдіқалықова осылай деді.

«Бізде медицина қызметкерлерінің жетіспейтіндігін баса айтқым келеді. Біз жастарға еліміздің болашағы үшін, халқымыздың денсаулығы үшін медицинаға барыңыздар дейміз. Әсіресе, үздіктерге айтамыз. Өйткені кім жақсы білім алса, сол халықтың денсаулығын емдеумен айналысуы керек», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, елімізде индустриялық бағдарламаның жүзеге асырылуына байланысты тапшы кадрлар тізіміне қазіргі уақытта көбіне шетелдік жұмыс күші тартылып отырған инженерлер, машина жасау саласы қызметкерлері кіреді.

Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда министрліктің ресми сайтында еліміздің 12 мыңнан астам мекемелеріне  қажетті мамандықтардың тізімі берілген.  Бұл ретте дәнекерлеушілер, электромонтерлер, механизаторлар, слесарьлар, кран машинистері сынды мамандық иелері қажет.