Г.Головкин, А.Винокуров, Б. Есентаева, Қ.Нұртас және С.Алтынбекова Ice Bucket Challenge эстафетасын қабылдады

Мәселен, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бір шелек су құйынғаннан кейін сәл денесін қыздырып алып, мұздай тау өзеніне күмп берген. Ал әнші Қайрат Нұртас болса, бұл акцияға қатысу үшін экскаватордың көмегіне жүгінген. Көптеген қазақстандықтың сүйікті әншісіне айналған ол экскаватор қалағынан сарқырай ағылған мұздай судың астына тұрды. Даңқты боксшы Геннадий Головкиннің де бұл акцияға қатысуы ерекше орын алды. Ол мұз аралас суды құйынып, шамамен 10 минут мұздатқышта отырғаны ғаламторда жарияланды.
Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов қазақтың ұлттық киімін киген бірнеше қыздың ортасында тұрып, мұздай су қабылдады. Елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен шарада қыздар елордалық шенеунікті мұздай суға әбден малшындырды.
Ал «Барыс» хоккей клубының ойыншысы Кевин Даллмэн жаттығудан кейін мұз айдыны үстінде денесін жалаңаштап, 1 шелек суды төбесінен ақтара салды.
Бұлардан бөлек су құю флеш-мобына Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, танымал спортшылар Серік Елеуов пен Дмитрий Карпов, әншілер Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Мақпал Исабекова, Айқын, Ерлан Көкеев, продюсерлер: Баян Есентаева, Алуа Қоңырова, Эрик Тастамбеков, футболшылар Самат Смақов пен Давид Лория, волейболшы Сабина Алтынбекова, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мен Динара Сатжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев пен Майра Айсина қатысты.
Бұл тізімнің қатары күннен-күнге толыға түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде елімізде есімі танымал бірқатар адамға су құю акциясына қатысу шақыртуы берілген. Олардың қатарында: Денис Тен, Илья Ильин, Бекболат Тілеухан, Ғани Қасымов, Ерболат Досаев бар.
Бұған қоса отандық шоу-бизнестің жарқын өкілдері, спортшылар мен саясаткерлер танымал тележүргізуші Аружан Саин құрған «Қайырымдылық» қорына қаржы аударуда.
Айта кетейік, ALS Ice Bucket Challenge флеш-мобын бүйірлік амиотрофиктік склерозбен күрес жөніндегі қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Акция мақсаты - мидың қозғалу орталықтарын зақымдап, адамды сал ететін аталмыш ауруға қоғам назарын аударту.