Г. Головкин Әлем чемпионы атағын қорғау үшін жекпе-жек өткізеді

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 16 желтоқсанда Астанада Дүниежүзілік бокс қауымдастығы бойынша Әлем чемпионы атағын қорғау үшін алғашқы жекпе-жегін өткізеді.

Г. Головкин Әлем чемпионы атағын қорғау үшін жекпе-жек өткізеді

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Виктор Демьяненконың айтуынша, кездесу Қазақстан әуесқой бокс федерациясы кубогының ақтық сайысынан кейін өтеді. Қазір құзырлы мекемелер бұл шараның құжаттарын әзірлеп жатыр.

Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 15 тамызда Панамадағы Роберто Дуран аренасында колумбиялық Мильтон Нуньезбен өткізген еді. Дүниежүзілік бокс қауымдастығының 72,6 келіге дейінгі салмақтағы бүгінде бос тұрған Әлем чемпионы атағы үшін болған бұл сайыста қазақстандық боксшы қарсыласын алғашқы раундта техникалық нокаутпен жеңді. Ал қазан айында Дүниежүзілік бокс қауымдастығы Г. Головкинді толыққанды Әлем чемпионы деп жариялаған болатын. Өзінің бұл атағын қорғау үшін Геннадий алғашқы кезде Берлинде мексикалық Марко Антонио Рубиомен кездесетіні туралы сөз қозғалған еді. Кейін қарсыласы өзгеріп, колумбиялық Нельсон Хулио Тапиямен болатын жекпе-жекті Г. Головкин Қазақстанда Алматы мен Астана қалаларының бірінде өткізуге құлшыныс білдірген болатын.

Нельсон Хулио Тапиа бұған дейін 17 кездесу өткізіп, оның 14-ін жеңіп (10-ы нокаутпен), екеуінде жеңіліс тауып, біреуінде тең түсті. Ал Геннадий Головкин болса 18 кездесуді түгел (15-і нокаутпен) өз пайдасына шешкен болатын.