Г.Головкин шаршы алаңдағы тартымды ұрыс мәнерінің арқасында танымал болуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің кезекті спорттық зор жеңісі жайында шетелдік және ресейлік беделді басылымдар мен телеарналар жарыса хабарлауда.
Қазақстандық өзінің шаршы алаңдағы тартымды ұрыс мәнерінің арқасында зор танымалдыққа ие болды. Оның тек үш қарсыласы ғана барлық раундқа шыдай алды, деп хабарлады ТАСС.
Г.Головкин нокаутпен жеңу сериясын 18 жекпе-жекке жеткізді. Оның қарсыластарын нокаутпен жеңуі әлем чемпиондары арасында рекордтық көрсеткіш болып отыр. Ол 90 пайызды құрайды. Қазақстандық боксшы 2010 жылдан бері чемпиондық белбеуге ие әрі кәсіби рингте жеңілістің ащы дәмін татқан емес.
Басылымның жазуынша, Г.Головкинің келесі қарсыласы 76,2 келі салмақ санатына дейін WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы американдық Андре Уорд болуы мүмкін.