Г.Қарағұсова: Елбасы - саясат пен экономикадағы идеялар генераторы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Назарбаев - саясат пен экономикадағы идеялар генераторы. Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова осылай айтты.
«Маған 20 жылдан асқан уақыт бойы Сізбен бірлесе жұмыс істеу бұйырыпты. Осы уақыт ішінде мен Сіздің даналығыңызға, стратегиялық ойларыңызға тәнті болып келемін. Көрегендігіңіз, мәмілегерлігіңіз, ең қиын, күрделі жағдайлардан жол таба білетін данышпандығыңыз, халықтарды, мемлекеттерді біріктіре алатын білгір, іскерлігіңізді әлем елдері мойындайды. Сіз әрбір қазақстандықтың арманын өмірге енгіздіңіз. Ол арман - бейбіт, жайлы мемлекетте өмір сүру болатын. Қазір еңбек еткен кез-келген адам елімізде лайықты өмір сүре алатын жағдайға жетті», - деді Г. Қарағұсова.
Оның айтуынша, Елбасы саясат пен экономикадағы идеялар генераторына айналды. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасы да куә. «Өйткені, бұл шын мәнінде әрбір қазақстандыққа арналған әлеуметтік бағдарлама. Онда өз баспанасына ие болу мүмкіндігі, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, кәсіппен шұғылдану мүмкіндігі қамтылған. Біз бүкіл республика бойынша жолдар жақсы болса екен деп ойлайтынбыз, бұл да осы бағдарламаның өзегі», - деді Г. Қарағұсова. Оның пайымынша, бұл барша қазақстандықтарға арналған бағдарлама, өйткені, әрбір қазақстандық осындай өмірді армандайды. «Біз әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына ұмтыламыз. Ал сол деңгейдегі елдерді алып қарасақ, біз қолға алып отырған осы жоспардың барлығы сол елдердің өзінде лайықты өмір үшін негіз болып табылады. Осы ретте біз ойлаған жоспарымызды толық жүзеге асыру үшін тыныштық пен бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтауға тиіспіз», - деді депутат.