Г.Марченко: Наурызда Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 5,5 пайызға өсіп, 27,6 млрд. долларды құрады
АЛМАТЫ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Наурыз айында Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 5,4 пайызға ұлғайып, 28,1 млрд. долларды құрады.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко мәлім етті.
Бас банкирдің айтуынша, Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері негізінен банктердің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарының ұлғаюы және Ұлттық банктегі Үкіметтің шоттарына шетел валютасының түсуі есебінен 5,5 пайызға өсіп, 27,6 млрд. долларды құрады. Соның нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 6,7 пайызға ұлғайды. Алтындағы активтер жүргізілген операциялар және әлемдік нарықтарда оның бағасының өсуі нәтижесінде 1,7 пайызға артты.
Наурызда елдің халықаралық резервтері жалпы алғанда, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда (алдын ала деректер бойынша 59,8 млрд. АҚШ долл.) 87,9 млрд. долларға дейін 2 пайызға, ал жыл басынан бері 2,1 пайызға өсті. Сондай-ақ ақша базасы 15,8 пайызға кеңейіп, 3045,0 млрд. теңге болды. Тар ақша базасы, яғни банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 2835,8 млрд. теңгеге дейін 10,8 пайызға кеңейді. Ақпанда ақша массасы 10536,2 млрд. теңгеге дейін 0,4 пайызға ұлғайды. Айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі 1409,5 млрд. теңгеге дейін 0,9 пайызға азайды. Банк жүйесіндегі депозиттер 0,6 пайызға ұлғайып, 9126,7 млрд. теңге болды. Депозиттердің ақша массасының құрылымындағы үлесі айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің қысқаруы аясында депозиттер көлемінің өсуі салдарынан ақпанда 86,4-тен 86,6 пайызға дейін өсті.