G20 елдерінің басшылары коронавирус вакцинасы тең таралуын қаржыландыруға ниетті
«Біз бар күшімізді салып, мүше елдердің инновацияларды ынталандыру жөніндегі міндеттемелеріне сәйкес, барлық адамдардың вакциналарды әділ және қолайлы жағдайларда алуына мүмкіндік жасаймыз», – делінген құжат жобасында.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, әлемдік көшбасшылар болашақта кез келген ықтимал пандемияға жақсы дайындалуға ниет білдіргісі келеді. Коммюнике жобасында айтылғандай, олар «пандемияға жаһандық дайындықты, алдын алу, анықтау және жауап беру тетіктерін дамытуға», сондай-ақ «өзекті, ашық және стандартталған деректер мен ақпаратты үздіксіз бөлісуге» міндеттенеді.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың төрағалығымен Жиырмалық тобының саммиті 21-22 қараша аралығында онлайн форматта өтуде. Талқыланатын тақырыптардың бірі – пандемиядан туындаған дағдарыстан кейін экономикалық өсуді қалпына келтіру. Коронавируспен байланысты проблемалардан басқа, саммитте бірқатар басқа мәселелер, атап айтқанда, инновациялар, денсаулық сақтау саласын нығайту, қоғамның әлсіз топтарын қолдау талқыланады. Биылғы жылы «жиырмалық» мемлекеттері пандемияның салдарына қарсы тұру үшін бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, коронавирус вакцинасын өндіруді және таратуды қолдау мақсатында әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне 21 миллиард доллар салу туралы шешім қабылданды. G20 елдері, сондай-ақ, әлемдік экономиканы қалпына келтіруге 11 трлн доллар бөлді.