G20 саммитіне Елбасының қатысуы Қазақстанның абыройын арттырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - G20 саммитіне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы біз үшін мәртебе деп білемін. Бүгін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов осылай мәлім етті.

G20 саммитіне Елбасының қатысуы Қазақстанның абыройын арттырады

«Таяуда Қытайда өткен G20 саммитіне әлемнің алпауыт мемлекеттерінің басшылары келді және осы атаулы шараға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы біз үшін мәртебе деп білемін. Бұл біріншіден Қазақстанның абыройы мен Елбасының салиқалы саясатына құрмет. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Президенті үлкен мемлекеттердің басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, бұл өз кезегінде еліміздің дамуы жолына жаңа серпін беретіні анық. Осы орайда G-20 саммитіне Қазақстан Президентінің қатысуы өте қажет қадам, Елбасы онда екіжақты және халықаралық қатынастарды, жаһандық мәселелерді талқылады. Жалпы, Қазақстан бастамаларына әлем елдерінің көзқарасы өте жақсы»,-деп тоқталды Әбілғазы Құсайынов «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы  Мемлекет басшысы G20 саммиті аясындағы брифингте инвестицияларға қатысты Қазақстан бағдарламаласы өте дұрыс екенін атап өткенін еске салды.

«Қазақстанда өткен жылдарда маңызды бағдарламалар іске қосылған. Бұл ретте жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріліп отыр және осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасының орны ерекше. Сонымен қатар кадрлар даярлауда да маңызды қадамдар қамтылған. 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасы ескеріліп отыр. Сондықтан осы орайда атқарылып жатқан шаралардың арқасында әлемдік дағдарысты еңсеріп, жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап тұруға, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қауқарлы болатынымызға сенімдімін»,-деп атап өтті Ә. Құсайынов

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы айдың басында Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға G20 саммитіне қатысу үшін сапармен барды. Саммиттің тақырыбы - «Инновациялық, сау, өзара байланысты, инклюзивті әлемдік экономика қалыптастыру».

валюта
Ұқсас жаңалықтар

Апта басында доллар бағамы қандай