G7 елдері мұнай қорынан 100 млн баррельді нарыққа шығарады
АСТАНА. KAZINFORM — «Үлкен жетілік» (G7) елдері әлемдік энергетика нарығын тұрақтандыру мақсатында стратегиялық қорларындағы 100 миллион баррель мұнай мен мұнай өнімдерін бірлесіп нарыққа шығаруға келісті. Мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу жақын арада басталып, 4 айға созылады, деп хабарлайды ВBC.
Бұл шешім туралы Франция президенті Эмманюэль Макрон әлемдік энергетика нарығындағы жағдайға арналған G7 көшбасшыларының онлайн кездесуінен кейін мәлімдеді. Стратегиялық қорларды босату үдерісін Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) үйлестіреді.
Дизель отынының едәуір бөлігі алғашқы 20 күнде нарыққа шығарылмақ. Сонымен қатар G7 елдері мұнай өңдеу зауыттарындағы техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу кестесін өзара келісуге уағдаласты. Бұл олардың өндірістік қуатының бір мезгілде төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда кәсіпорындардың жүктемесін уақытша арттыру көзделіп отыр.
G7 көшбасшылары мұнай өңдеу қуаты жоғары елдерді мұнай өнімдерін, әсіресе дизель отынын өндіру көлемін арттыруға шақырды.
Бұдан бөлек, топ елдері G7 мемлекеттері арасында энергетикалық ресурстар мен мұнай өнімдерін экспорттауға шектеу қоймау ниетін растады. Сондай-ақ басқа өндіруші елдерді де осындай шаралардан бас тартуға үндеді. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бұл әлемдік энергетика нарығына түсетін қосымша қысымды азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа елдері өз қорларындағы дизель отынының едәуір көлемін нарыққа шығаруға келіскенін айтқан еді. Оның сөзінше, бұл үдеріс дереу басталуға тиіс.
G7 бұл шешімді отын бағасының өсуі және әлемдік жеткізілімдердің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық күшейген тұста қабылдады. «Үлкен жетілік» көшбасшылары ХЭА-ға қабылданған шаралардың энергетикалық қауіпсіздік пен нарықтағы жағдайға ықпалын бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, 2 қазан күні сауда-саттық барысында мұнайдың әлемдік бағасы аздап өсті.