G7 саммитіне OpenAI, Anthropic және Google DeepMind басшылары қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың басшылары G7 елдерінің көшбасшыларымен кездесіп, технологияның даму келешегін, оның әлемдік экономика мен еңбек нарығына ықпалын, сондай-ақ ықтимал тәуекелдерін талқылайды.
15-17 маусым аралығында Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өтетін G7 саммитіне жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың басшылары қатысады. Саммитке шақырылғандар қатарында Сэм Альтман, Дарио Амодеи және Демис Хассабис бар.
Bloomberg мәліметінше, бұл шара жасанды интеллект әзірлеуші ең ірі компаниялардың жетекшілері бір мезетте жиналатын сирек алаңдардың бірі болмақ. Бір-бірімен бәсекелес болғанына қарамастан, олар бүкіл салаға қатысты маңызды мәселелерді талқылайды.
G7 елдерінің көшбасшылары технологиялық сектор өкілдерімен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, оны реттеу жолдары, сондай-ақ қоғам мен еңбек нарығына ықтимал әсері жөнінде пікір алмасуды жоспарлап отыр.
«Үлкен жетілікке» АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада және Жапония кіреді. Сонымен қатар бірлестік жұмысына Еуропалық Одақ та қатысады.
Сарапшылардың айтуынша, ірі AI-компаниялар басшыларының бірлескен жария кездесулері өте сирек өтеді. Өйткені олар озық жасанды интеллект технологиялары мен жаңа тілдік модельдерді әзірлеуде өзара қатаң бәсекелестік жүргізіп келеді.
Еске сала кетейік, биыл наурыз айында «Үлкен жетілік» елдерінің қаржы министрлері Халықаралық энергетикалық агенттік үйлестіретін резервтегі мұнай қорларын бірлесіп пайдалану мүмкіндігін талқылады.