Гаагада Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке дайындық бойынша ұлттық үйлестірушілердің кездесуі өтеді
АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерұр Ақанбай/ - Ақпанның 9-ы және 11-і күндері Голландияның Гаага қаласында ағымдағы жылдың сәуір айында Вашингтонда болатын Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке дайындық мәселелеріне арналған ұлттық үйлестірушілердің кездесуі өтеді.
Оған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров бастаған делегация қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталмыш шараның барысында Вашингтон саммитінің қорытынды құжатының жобасын, яғни коммюникені дайындау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар коммюникенің ережелерін нақтылайтын саммитке қатысушы мемлекеттердің бірлескен жұмыс жоспары жөніндегі жұмыс жалғасатын болады», деді А. Әбдірахманов.