Ғабдуллинге үкім шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Бигелді Ғабдуллинге қатысты үкім жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сот Ғабдуллинге 5 жылға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды. Мүлкі тәркіленбейді. Сонымен қатар ол сот залынан босап шықты.
Кеше Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында прокурор Әлібек Айтжанов «CentralAsiaMonitor» басылымының бас редакторы және «Radiotochka.kz» директоры Бигелді Ғабдуллиннің өз кінәсін мойындағандықтан бостандыққа шығаруды ұсынған болатын.
«Осыған байланысты бес жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасын белгілеуді сұраймын. Осы уақыттың ішінде оған арнайы органның рұқсатынсыз тұрақты мекен-жайды өзгертуге, шетелге шығуға, басқа жерлерге баруға, сондай-ақ бұқаралық шараларға қатысуға болмайды. Қамауға ұстау шарасын өзгертіп, сот залынан босатуды сұраймын»,- деді прокурор Әлібек Айтжанов.
Айта кетейік, бұған дейін өткен отырыста Бигелді Ғабдуллиннің мүлкі жарияланған болатын. CentralAsiaMonitor-дың бас редакторы әрі Radiotochka.kz директоры Бигелді Ғабдуллин Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен тұтқынға алынған. Ол «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасына бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған.