Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөсірімдер театры жазғы демалысқа шықты
АЛМАТЫ. 2 шілде. ҚазАқпарат - Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 66-шы маусымының шымылдығын «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясымен жапты.
Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Қаджиев сахналаған бұл қойылымның қоюшы-суретшісі Ерлан Тұяқов, композиторы Ақтоты Райымқұлова. Онда басы рөлдерді Ж. Жұманбай (Қозы), Д.Абдуллина (Баян), С. Жылгелдиев (Қарабай), Р. Омаров (Жантық), Б. Камаранов (Қодар) сомдады.
«Бұл маусымда жаңадан 5 пьесаны сахналадық. Олар Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» трагедиясы, Нұрғали Ораздың «Таудағы түн» лирикалық драмасы, Проспер Мерименің «Карменсита» фантазиясы, Баққожа Мұқайдың «Шындық детекторы» және балаларға арналған «А.Белозеровтың «Кірпінің досы» сазды ертегісі. Бұл біздің театрдағы биылғы маусымның жемісті болғанының айғағы. Сонымен қатар біздің маңдайымызға 13-14 сәуірде Ашхабадта 14 мемлекет қатысқан «Қайта өрлеу дәуірі және театр өнері» халықаралық фестивалінің соңғы нүктесін «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» трагедиямен жабу бұйырды», - дейді театрдың көркемдік жетпекшісі және директоры Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.