Гаитиде 1,3 млн адам қарулы бандалардан қашып, үйлерін тастап кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қарулы бандалар тарапынан жасалған зорлық-зомбылық салдарынан Гаитиде шамамен 1,3 миллион адам үйін тастап, ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болды, деп жазады Анадолы.

Гаитиде 1,3 миллион адам қарулы бандалардан қашып, үйлерін тастап кетті
Фото: Анадолы

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымы (МОМ) мәлімдеді.

Халықаралық көші-қон ұйымы мәліметінше, Гаитиде ішкі қоныс аударудың рекордтық деңгейі тіркелген: зорлық-зомбылықтан құтылу үшін 1,3 миллионға жуық адам өз баспаналарын тастап кеткен.

— 2024 жылдың желтоқсанынан бері қоныс аударғандардың саны 24%-ға артқан, — деп атап өтті ұйым.

Ұйымның бас директоры Эми Поуп өз мәлімдемесінде бұл сандардың артында шынайы адам тағдырлары тұрғанын ерекше атап өтті.

— Балалар, аналар, қарттар — олардың көпшілігі бірнеше рет үйінен бас сауғалап қашуға мәжбүр болған, көп жағдайда ештеңе алып үлгермеген. Қазір олар өте қауіпті және тұрақсыз жағдайда өмір сүріп жатыр. Біз дереу әрекет етуіміз керек. Бұл дағдарыс «жаңа қалыпты жағдай» болмауы тиіс, — деді Эми Поуп.

БҰҰ бағалауынша, 2024 жылы Гаитиде қарулы топтардың шабуылдарынан 5600-ден астам адам қаза тапқан.

Гаити елінде саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыс әлі де ушығып тұр. Астанасы Порт-о-Пренстің 80%-дан астам аумағын қарулы топтар бақылауында ұстап отыр. Ел халқы 11 миллионнан асады және миллиондаған адам ашаршылық қаупіне тап болып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Гаитиде қарулы топ шабуылынан 12 адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар