Гаитиде 600 мың бала гуманитарлық көмекке мұқтаж
АСТАНА. ҚазАқпарат - Гаитиде болған «Мэттью» дауылының салдарынан 600 мыңнан астам бала шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж. ЮНИСЕФ өкілдері осылай деп дабыл қақты, деп жазады «Хабар 24».
Халықаралық ұйым мәліметіне сай, 50 мыңға жуық балғын баспанасыз қалып, қазір адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Елде сондай-ақ ашқұрсақ бүлдіршіндер мен жеткіншектер саны артқан. Тырысқақ ауруына шалдыққан балалар да аз емес.
Естеріңізде болса, 4 қазанда Гаитиде «Мэттью» дауылы ойран салған еді. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, табиғи апаттан 2 млн 1 жүз мың тұрғын жапа шеккен. Бүгінде олар ас-суға жарымай жүр. Күшті жел сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне зақым келтірді. Салдарынан елде тырысқақ індеті өршіген.