Гаитиде «Мэтью» дауылынан қаза тапқандардың саны 800-ден асты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы тәулікте Гаитиде "Мэтью" дауылынан қаза тапқандардың саны екі есе ұлғайып, 800 адамнан асты. Билік таратқан мәліметтерге қарағанда, құтқарушылардың шалғай жерлерге жетуі қиын болғандықтан, апаттан құрбан болғандардың саны артуы мүмкін.
Аралдық мемлекеттің оңтүстігі мен оңтүстік-батысындағы елді-мекендердің көбіне теңізбен немесе ұшақтармен ғана жетуге болады. Жер-жерде электр энергиясын тасымалдау желісі бұзылып, телефон байланысы үзілді.
"Төрт-бес күннен кейін ғана қаза тапқандардың саны мен келтірілген залалды білуге болады", - деді Гаитидегі Бүкіләлемдік азық-түлік ұйымы бағдарламасының директоры Карлос Велозо.
"Мэтью" дауылы - Кариб теңізі бассейніндегі соңғы он жылдағы ең күшті дауыл. Желдің жылдамдығы сағатына 230 км-ге дейін жетті.