Гаитидегі автоцистерна жарылысынан қаза тапқандар саны 60-қа жетті
ГАВАНА. ҚазАқпарат - Гаитидің солтүстігіндегі Кап-Гайтиен қаласында жанармай таситын автоцистернаның жарылысынан қаза тапқандар саны 60-қа жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Le Nouvelliste басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін 50-ге жуық адамның мерт болғаны хабарланған еді. Жарылыс орнына жақын орналасқан 20-дан астам ғимарат зардап шекті.
Гаити билігі үш күндік ұлттық аза тұту жариялады.
«Үкіметімнің және Гаитидің бүкіл халқының, соның ішінде диаспораның атынан қаза болғандардың туыстарына, сондай-ақ осы қайғылы оқиғадан тікелей немесе жанама зардап шеккендердің барлығына шын жүректен көңіл айтамын. Бүкіл ел аумағында үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды», - деп жазды Гаити премьер-министрі Ариэль Анри Twitter-де.
Алдын ала мәлімет бойынша, автоцистерна жергілікті уақыт бойынша түн ортасы шамасында жолда аударылып кеткен. Сол маңдағы адамдар осы мүмкіндікті өздерінің бактарына жанармай құюға пайдаланып жатқан сәтте бірнеше адам өліміне әкелген жарылыс болды. Күйік шалғандардың 50-ге жуығы ауруханада жатыр.