Ғаламат сөзін әсірелеу үшін қолданып тұрған жоқпын - Құл-Мұхаммед ел экономикасы жайында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы ел игілігіне бағыттаған қаржының халыққа жетуін әрдайым жіті қадағалауда ұстап келеді. Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Парламент Мәжілісіндегі нұротандық депутаттардың заң шығарушылық бастамасы артып, партияаралық тәртіп күшейтілді. Бұл депутаттарымыздың ауызбіршілігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсті.  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және ел экономикасы дамуына ғаламат серпін берген «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының іске асырылуы бойынша кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізу үшін бақылауды күшейту партиялық орталық аппарат пен жергілікті ұйымдардың басты назарында болып келеді. Мен ғаламат сөзін әсірелеу үшін қолданып тұрған жоқпын. Талқылауына өзім Сенат депутаты ретінде қатысқан 2000 жылғы еліміздің мемлекеттік бюджеті 591 миллиард теңге болса, тек бір ғана «Нұрлы жол бағдарламасы бойынша 2015 жылы 770 миллиард, 2016 жылы  739 миллиард, ал биыл 647 миллиард теңге. Басқаша айтқанда, үш жыл ішінде 2000 жылдың төрт мемлекеттік бюджетіне пара-пар қаражат тек осы бағдарлама бойынша ғана халыққа бөлінді. «Нұр Отан» партиясы Сіз ел игілігіне бағыттаған бұл қаржының халыққа жетуін әрдайым жіті қадағалауда ұстап келеді»,- деп атап өтті М. Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ ол биылғы жылы осы салаға жауапты 6 Үкімет мүшесінің есебіне арналған партиялық тыңдаулар өткізілгенін, онда еліміздің әрбір өңіріндегі нұротандық депутаттар министрлер мен ұлттық компаниялар басшыларына өз сұрағын жолдау мүмкіндігіне ие болғанын, тыңдаулардың нәтижесінде Үкіметке 106 ұсыныс жолданып, қазір солардың басым көпшілігі орындалғанын атап өтті.

Айта кетейік, Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Отырыстың күн тәртібінде партияның 2017 жылдың 10 айында еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы аясында атқарған жұмысы, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының құрамына өзгертулер енгізу бағыты қаралуда.

Соңғы жаңалықтар
telegram