Ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында экономиканы "қолмен басқаруға» көшу өзін-өзі ақтап отыр ? Үкімет басшысы
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында экономиканы "қолмен басқаруға» көшу өзін-өзі ақтап отыр.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы дағдарыстан ел экономикасы мығым әрі күшті болып шығу үшін не істеу қажет, ғаламдық дағдарыс жағдайында біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейі төмендемеуі үшін қандай қадамдар жасауға тиіспіз, болашақта орнықты дамуға қалай қол жеткізуге болады?», деген сауалдар бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Әрине, мұндай сауалдарға берілетін жауаптар да қарапайым емес, бірақ біз қандай бағытта жылжу қажеттігін білеміз. Менің ойымша, үлкен ауқымға ие болып, бір мезетте әлемнің барлық елдерін жайлаған ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында экономиканы "қолмен басқаруға» көшу өзін-өзі ақтап отыр», - деді К. Мәсімов.
Сонымен бірге Үкімет басшысы әлем қауымдастығының мазасын алып отырған дағдарыстан оңтайлы шығу жолдарына тоқтала келе, Елбасының бірегей әлемдік валюта енгізу туралы бастамасы дағдарысты еңсеруге жетелейтін бағыттың бірі екендігін жеткізді. «Әрине бұл үдеріс бір мезетте бола қоймайды, оған белгілі бір уақыт керек. Дегенмен де бұл тақырыптың әлем бойынша белсенді талқылануы мәселенің байсалды түрде көтерілгендігін көрсетеді», -деді К. Мәсімов.