«Ғаламшарды қозғайық» акциясы кезінде адамдар қоршаған ортаға қауіпсіз көлік құралдарын пайдаланады

Бұл жайында «Тазалықты мұра етейік» желісінің жетекшісі Дәурен Қайсаров бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Алғашқы жылдары бұл акцияға 30-50 ел ғана қатысқан болатын. Қазір 180-ге жетіп, бұл шараға қатысатын адамдардың саны 300 миллионға жуықтамақ. Оған Қазақстаннан биыл 24 қаладан 35-40 мың адамға дейін қатысуы мүмкін. Акция кезінде олар велосипедпен жүріп, скейдборд пен ролик теуіп, байдаркамен жүзеді", - дейді Д. Қайсаров. Бұл шараны олар еріктілер бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Оған жарты жыл бойы дайындық жасаған.
"Қазір әр өңірден жұртшылықты ұйымдастырып, ортақ іске жұмылдыратын еріктілерді таптық деп айта аламыз. Олар өз ісімен өзгелерге үлгі көрсету арқылы ой салып, қоршаған ортаны таза ұстауға және қорғауға жұртшылықтың жаппай атсалысуына түрткі болмақ. Мәселен, алматылықтар бұл күні Алмаарасан, Медеу шатқалдары мен Ботаникалық бақ және Баум атындағы тоғайды тазалайтын болады. Жалпы дәстүрлі бұл акция келесі жылы "Ғаламшарды тазалайық" деген ұранмен өтпек", - деді Дәурен Қайсаров.