Ғаламшарды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған инвестиция қажет – Қазақстан Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүкіл әлем халқы ауа райы мен қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты туындаған қатермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғаламшарды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған инвестиция қажет – Қазақстан Президенті

«COVID-19 пандемиясы биологиялық қауіп-қатерлерді басқару мен азайту үшін шұғыл шара қабылдау қажеттігін айқындап берді. Халықаралық ынтымақтастық үшін арнайы институт немесе орган құруға ешқандай шара қабылдамай, 50 жылдан бері Биологиялық қару туралы конвенцияның ережелерін әлі де ұстануымыз бізді алаңдатуы керек. Осыған орай бұған дейін ұсынған Биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құру туралы бастамамды қайта еске салғым келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында.

Өз сөзінде Президент халықаралық қауіпсіздікке төнген қауіппен қатар климаттың өзгеру проблемасы да ауқымды халықаралық ынтымақтастық пен ниеттестікті қажет ететінін айтты. «Бүкіл әлем халқы ауа райы мен қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты туындаған қатермен бетпе-бет келіп отыр. Егер жағдайды жақсартқымыз келсе, жылдам іске көшуіміз қажет. Көпшілігіміз қазірдің өзінде бұл бағытта батыл қадамдар жасадық. Қазақстан 2060 жылға қарай еліміздің энергетика секторының мұнай мен газға тәуелділігінен көміртегінен бейтарап экономикаға толық көшіру міндетін алды», - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге Қ. Тоқаев ғаламшарды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет екенін айтты.

«Бірақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес даму немесе жаңғыру процесі есебінен жүргізілмеуі керек. Сондықтан осы жылы өтетін COP27 климаттық конференциясында Ұйымға мүше мемлекеттер, сондай-ақ жаһандық бизнес-қоғамдастық климатқа қатысты қаржыландыру жөніндегі өз міндеттемелерін тағы да ұлғайта түсуі керек», - деді Мемлекет басшысы.


Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының Жалпы дебатының ашылуына қатысып отыр.

Оған дейін Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-ші сессиясының аясында Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясы пленарлық отырысының алдында Иордания Королі ІІ Абдалламен әңгімелесті.


Фото:akorda.kz