Ғаламтор арқылы «Болашақ» стипендиясына құжат тапсыру 20-30 минут қана уақыт алады
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ғаламтор арқылы «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат тапсыру 20-30 минут қана уақыт алады.
Бұл туралы бүгін «Болашақ» көпфункционалды ақпараттық жүйесін таныстыру барысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Саясат Нұрбек айтты.
«ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына құжаттар қабылдау қызметі Қазақстан халқына барынша қол жетімді болады. Өйткені, аумақтық кедергілер, сонымен қатар оған байланысты қаржылық және уақыт шығындары алынып тасталды. Орташа алғанда, біздің есептеуіміз бойынша бұл процедура 20-дан 30 минутқа дейінгі уақытта алады», - деді ол.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, «еБолашақ» жүйесінде шет елде оқуға аттанған студенттерді тіркеп отыруға арналған «Шетелдегі студент» мәліметтер базасы құрылған.