Ғаламтор желісіне туындыларды заңсыз салған тұтынушыларға айыппұл салынады - ҚР Зияткерлік меншік құқығы комитеті
АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 31 қаңтарда өз күшіне енді.
Енді, ғаламтор желісіне туындыларды заңсыз салған тұтынушыларға айыппұл салынады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының орынбасары Шолпан Әбдіреева мәлім етті.
Оның хабарлауынша, ғаламтор желісіне сан алуан туындыларды заңсыз салған тұтынушыларға, ең алдымен, ескерту жасалады. «Ондай жағдай тағы да қайталанатын болса, жеке тұлғаларға 10-15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Заңды тұлғалар болса, 100-150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыпақы төлеуге міндеттеледі», - дейді Ш.Әбдіреева.
Ал ғаламторда туындыларды заңсыз орналастыру, тарату мен көшіру мақсатында интернет-ресурстарды жасайтын азаматтар үшін Қылмыстық кодексте айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе бір жылға дейін бостандықтан шектеу жазасы қарастырылған. Ондай құқық бұзушылық қайталанса, 2-5 жыл аралығында бостандықтан айыру жазасы қолданылады.