Ғаламтор жүйесі ауылдарға орнатылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғаламторды, басқа да ақпараттық технологияларды пайдалану, компьютерді кеңінен меңгеру бүгінгі өмірдің талабы.

Ғаламтор жүйесі ауылдарға орнатылмақ

Дамыған, өркениетті қоғам құру үшін техниканың тілін жетік білетін бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор. Бүгінде кешегі хат-хабардың орынын алмастырып, дамудың дара жолдарын көрсетіп отырған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ғаламтордың әлеуеті артқан. Онда керек деген ақпарыңызды кедергісіз табуға көп мүмкіндік қарастырылған. Қай қиырда жүрсеңіз де ғаламторды пайдалана аласыз деп айтудан аулақпыз, әрине, әсіресе, шалғай ауылдарда оны пайдаланудың мүмкіндіктері өкінішке орай аз болып отыр. Біраздан бері мінберлерде көтеріліп келе жатса да шешімін таппай қойған күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылатын күн алыс емес сияқты. Қазір «Ақпараттандыру туралы» заң жобасы дайындалып депутаттар талқысына ұсынылды. Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, шалғайдағы ауыл-аймақтарда ғаламтор желісі тартылған болса да көбісі ескі технологиямен жұмыс жасайды, сол себепті оның қарқыны бәсең, жұмыс істеу қабілеті төмен. Осыған сәйкес, алдағы 3 жылдың ішінде талшықты-оптикалық интернет барлық ауылды қамтымақ. Келесі жылға дейін межеде тұрған ауылдарға осы ғаламтор желісін жеткізу жоспарда бар. Заманға сай ұрпақты тәрбиелеу жолында мемлекеттік стандартқа сай білім берудің маңызы зор десек, бірте-бірте оқыту жүйесі де осы ғаламторға тәуелді болып келе жатқандығын байқау қиын емес. Бұл тұрғыда ауыл балаларының да қала оқушыларынан кем білім алмауы маңызды.