Ғаламторда «Жыр жауһары» атты поэзия оқулары байқауы жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың классик ақындарының шығармаларын ғаламтор кеңістігінде үздіксіз насихаттау мақсатында І республикалық «Жыр жауһары» арнайы жобасы жарияланды. Арнайы жоба интернет байқау түрінде жүргізіледі, деп хабарлайды adebiportal.kz.
Байқауға қатысуға ниет білдіргендер төменде ұсынылған 15 ақынның өлеңдерін (қалаған ақынынан 1 өлең) өзі оқып, оған бейнеролик немесе аудио нұсқасын жасауы тиіс. Ұсынылатын ақындар: Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Жұматай Жақыпбаев, Әмірхан Балқыбек.
Қатысушылардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. Байқау жеңімпаздарын арнайы құраммен белгіленген қазылар алқасы анықтайды. Жұмыстар 2015 жылдың 1 қарашаcына дейін қабылданады.
Интернет байқаудың қорытындысы бойынша әр ақынның үздік орындалған шығармалары бойынша гран при - біреу, І орын - біреу, ІІ орын - үшеу, ІІІ орын - бесеу жүлделі орындары тағайындалады.
Сондай-ақ үздік деп танылған туындылар бес арнайы жүлдемен марапатталады. Жеңімпаздарды марапаттау қараша айында Астана қаласында эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты түрде өтеді.