Ғалым: Базардағы сапасыз ет елдегі онкологиялық ахуалды ушықтырып барады
АСТАНА. KAZINFORM — Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Ержан Сырғалиев Мәжілісте өтіп жатқан тақырыптық отырыста ел базарларында сатылып жатқан еттің сапасына алаңдайтынын айтты.

— Сөзімнің аяғында мынаны айтқым келеді. Бірнеше күн бұрын Дүниежүзілік тамақ қауіпсіздігінің күні болды. Мен сіздердің назарларыңызды тек мына мәселеге аударғым келеді. Дәстүрлі ауыл шаруашылығы, оның ішінде гормондар мен антибиотиктері мол мал шаруашылығы Қазақстандағы онкологиялық аурулардың статистикасы өте жоғары болуына алып келді. Өкінішке қарай, қазір бұл мәселені көтеріп жүрген жоқпыз, — деді ғалым.
Проректордың айтуынша, ғалымдар елдегі базарларда сатылып жатқан еттің құрамында гормондар мен антибиотиктер қанша екеніне талдау жүргізіпті.
— Біз мегамақсаттық қаржыландыру аясында жүргізген зерттеулер кезінде Қазақстандағы базарлардың бәріне ет құрамындағы гормондар мен антибиотиктер бойынша талдау жүргіздік. Тіпті өзіміздің дәстүрлі түрде органикалық деп атап жүрген жылқы етінің 80 пайызында гормондар мен антибиотиктер бар. Сондықтан осы ахуал органикалық негізде жұмыс істейтін шаруашылықтарды дамытуға мүдделілікті арттырады, — деді Ержан Сырғалиев.
Бұған дейін ел өңірлерінде тартылған ет бағасы қанша екенін жазған едік.