Ғалым Сатай Сыздықовтың «Қазылық» атты таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM — Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Қазақ мемлекеттілігі: шығу тегі, тарихи сабақтастық және эволюция» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Іс-шара тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықовтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Көрнекті ғалымды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы құттықтап, оның 20-дан астам монография мен 200 ғылыми мақала жазып, еліміздің тарихына елеуі үлес қосқандығын ерекше атап өтеді.
«Бүгінгі кемел жасыңыз кәсіби тәжірибеңізді ғылыми ізденістермен ұштасрыпы, өмірілк ұстанымыңызды, отансүйгіштікті жас ұрпаққа үйретіп, отандық тарих мектебін қалыптастыруда ұлттық кадрларды дайындауға сүбелі үлес қосып келесіз. Негізгі ғылыми еңбектеріңіз көне түркі тайпаларының тарихына және „Алаш“ партиясы қайраткерлерінің қызметіне арналғанын көзқарақты жұрт біледі. Қазақстан және түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған мәселелерді кешенді зерттеп, отандық тарихтың қыр-сырын зерделейтін көптеген еңбектің авторысыз. Маңызды деректер мен өмірлік нақты мысалдарға негізделе жазылған ғылыми шығармаларыңыз қашанда өзекті әрі талай ұрпақты Отанға қызмет етуге, өз халқының патриоты болуға тәрбиелейтіні анық», — делінген министр құттықтауында.
Конференция барысында ғалымның 4-томдық «Қазылық» атты таңдамалы шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
«Қазылық — қазақтың ертеден келе жатқан киелі, қасиетті сөзі. Оның мәнісі мынада. Ол мемлекеттілікті білдіреді. Өйткені, билер институты кезінде қазылық еткенде бүкіл елдің өзекті мәселелер шешетін болған. Сондықтан қазылық ету деген сөз шыққан. Қай жерде қазылық еткен? Киіз үйге сыймайтын болғандықтан төбеге жиналып, халықты шақырып, демкоратиялық тұрғыда, елдің көзінше билік айтқан», — деді жинақ авторы Сатай Сыздықов.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Жошы ұлы бос жерде пайда болған жоқ. Оның негізі болған — түркі мемлекеттері. Сол түркі мемлекеттерін өмір бойы зерттеп жүрген ғалым- Сатай Сыздықов. Ұлттық санамызды қалыптастыратын мұндай конференцияның ғылыми ғана емес, сонымен бірге саяси да мәні бар. Ұлттық сананың негізі — тарихи сана. Сол тарихи сананы осындай іс-шаралар қалыптастырады», — деді ол.