Ғалымдар Алтын Орда дәуіріне тиесілі жаңа ескерткіштерді зерттеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Алтын Орда дәуіріне жататын жаңа археологиялық олжалар Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары аумағында жүргізіліп жатқан ғылыми экспедиция барысында анықталып, ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Ғалымдар Алтын Орда дәуіріне тиесілі жаңа ескерткіштерді зерттеп жатыр
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алтын Орда дәуірінің жаңа археологиялық олжалары ғылыми айналымға енгізіліп жатыр
Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері Алтын Орда дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштерді іздестіру және зерттеу мақсатындағы ғылыми экспедиция жұмысын жалғастырады. Экспедиция бағыты Ертістің сол жағалауын, Қызылқақ көлін, Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтып, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумағы арқылы өтеді.

Ғалымдар Алтын Орда дәуіріне тиесілі жаңа ескерткіштерді зерттеп жатыр
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Зерттеу жұмыстары жүргізілген маңызды нысандардың бірі — Жантай қонысы. Қазба жұмыстарының бастапқы кезеңінде-ақ археологтар бұл жерде ірі сәулет құрылысының болғанын айғақтайтын белгілерді анықтады. Мұны кейінгі тарихи кезеңдерге тән емес күйдірілген кірпіштердің көптеп табылуы, сондай-ақ аумақты заманауи лидар технологиясы мен георадар арқылы сканерлеу нәтижелері дәлел болды.

— Кейінгі зерттеулер табылған кірпіштердің көлемі 25×25 сантиметр екенін және олардың «Алтын Орда стандартына» сәйкес келетінін көрсетті. Дәл осындай құрылыс материалы Алтын Орда дәуірінде сарай, мешіт, кесене және басқа да монументалды сәулет нысандарын тұрғызуда кеңінен пайдаланылған, — деп хабарлады ведомстводан.

Алтын орда
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазба жұмыстары барысында археологтар жерлеу орындарының іздерін және сазды ерітіндімен қаланған ортағасырлық қабырға қалдықтарын анықтады. Алдын ала жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сәйкес Жантай қонысындағы сәулет кешенінің қирандылары XIV–XV ғасырларға жататын дала ақсүйектерінің кесенесі болуы мүмкін. Ол Алтын Орда кезеңі мен Қазақ хандығының қалыптасу дәуіріне тән сәулет ескерткіштерінің қатарына жатады. Сонымен қатар кесене маңынан сол кезеңге тиесілі ауқымды қорым да анықталды. Археологиялық ескерткіштің барлық аршылған бөліктері мұқият тіркеліп, роботтандырылған геосканердің көмегімен үш өлшемді цифрлық модельге айналдырылды. Болашақта бұл цифрлық көшірме археологиялық нысанды сақтап қана қоймай, жоғалған сәулет ескерткішін үш өлшемді үлгіде қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Студенттердің өндірістік тәжірибесінің жетекшісі Асқар Әбілдин бұл экспедицияның Алтын Орда дәуірін тереңірек зерделеуге, археологиялық зерттеулерге тікелей қатысу арқылы тәжірибе жинақтауға және Қазақстан тарихының тың беттерін ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

— Қазба жұмыстары барысында киімге тағылған металл әшекейлер мен моншақтар жиынтығы табылды. Металл бұйымдарға жүргізілген рентген-флуоресценттік жедел талдау олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары қола қорытпасынан жасалған. Археолог Елена Тушеваның пікірінше, бұл Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңіріндегі металлургия ісінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді, — делінген хабарламада.

Моншақтар жиынтығын зерттеу нәтижелері де ерекше қызығушылық тудырды. Талдау олардың барлығының сырттан әкелінгенін көрсетті. Бұл орта ғасырларда өңір тұрғындарының Еуразияның шалғай аймақтарымен тығыз экономикалық және мәдени байланыс орнатқанын көрсетеді.

Алтын орда
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Табылған жәдігерлердің қатарында табиғи таралу аймағы Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағы да бар. Биоархеолог Наталья Миллердің пікірінше, бұл — Ұлы Даланы ғасырлар бұрын Оңтүстік Азия өркениеттерімен байланыстырған ұзақ сауда жолдарының болғанын дәлелдейтін тағы бір маңызды айғақ.

Экспедиция жетекшісі, Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, бұл олжалар өңірдің тарихи дамуы туралы түсінікті толықтыра түсіп, Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Бұған дейін Маңғыстауда Рим дәуірімен байланысты көне қала табылғанын жаздық.

Жент қаласында Алтын орданың теңге сарайы жұмыс істеген.