Ғалымдар Атырау облысынан көпжылдық өсімдіктің жаңа түрін тапты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында өсетін көпжылдық өсімдіктің жаңа түріне Иванов астрагалы атауы берілген.

«Индер-2025» халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясына жетекшілік еткен В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің профессоры Алексей Лактионовтың айтуынша, көпжылдық өсімдік Индер ауданында өседі.

– Бұл өсімдік Индер тұзды күмбезі аймағының эндемигі болып шықты. Алғашқы жиналған гербарий үлгісі Санкт-Петербургтегі Ресей ғылым академиясының В.Комаров атындағы Ботаникалық институтында ғылыми гербарийінде сақтаулы тұр. Гербарий халықаралық деректер қорына енгізілді. Иванов астрагалы – көпжылдық жартылай бұта. Оның ұзындығы 5-10 см-ден аспайды. Ашық қызғылт түсті гүл шоғының ұызндығы – 5-8 см. Жемісі – жұмыртқа тәріздес, ұзындығы 12-20 мм-лік шар тәрізді бұршақ. Бұршағының іші қуыс, құрамында 25-ке жуық дәні бар, -дейді Алексей Лактионов.

Ғалымның пікірінше, астрагал тұқымдасына жататын өсімдіктердің 5 мыңға жуық түрі анықталған.
– Ежелгі скифтер астрагалды өлмейтін шөп деп атаған. Бұл өсімдікті қатерлі ісік және жүрек ауруларын емдеу үшін қолдануға болады. Өйткені, ауруға қарсы тың иммундық жүйені нығайтады. Астрагал вирусқа қарсы интерферонды жетілдіреді. Ағзаның суық тию, тұмау және бронхит секілді сырқаттарға қарсы күресу үшін ішкі механизмін іске қосуға көмектеседі. Бауыр қызметін жақсартады, қандағы қант деңгейін төмендетеді. Қан тамырларының кеңеюіне, қан қысымының төмендеуіне көмектеседі, -дейді ғалым.

Ресейлік ғалымдар астрагалдың бірнеше түрін онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалану мақсатында зерттеулер жүргізуді қолға алған. Көпжылдық өсімдіктің жаңа түрін табуға В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті биология кафедрасының профессоры Алексей Лактионов, аталған оқу орнының аспиранты Саягүл Ахмеденова, Ресей ғылым академиясы Орал филиалының (Екатеринбург) Ботаникалық бақ зертханасының меңгерушісі Михаил Князев, сондай-ақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары қатысты.
– Қуыс бұршағы бар өсімдікті көргенде, оның ерекше екенін бірден сезіндік. Бұл – менің ғылыми қызметімдегі айтулы жетістік, -дейді Саягүл Ахмеденова.
Халықаралық экспедиция мүшелері өсімдіктің тағы үш жаңа түрін ашқан. Ғалымдар жергілікті флора мен өсімдіктерді зерттеуді жалғастыруды көздеп отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейінКаспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болғанын жазған едік.