Ғалымдар ерлердегі тестостерон тапшылығының басты себебін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ғалымдар ерлерде тестостерон деңгейінің төмендеуіне әсер ететін негізгі факторларды анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қазақстанда жүргізілген ауқымды зерттеу Орталық Азиядағы ерлердің гормондық және метаболизмдік денсаулығы туралы алғаш рет нақты мәлімет алуға мүмкіндік берді. Ғалымдардың тұжырымынша, тестостерон деңгейінің төмендеуіне жас ұлғаюынан гөрі артық салмақ пен көмірсу алмасуының бұзылуы көбірек әсер етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің зерттеушілері бастаған ғылыми топ 2025 жылғы мамыр мен қазан аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының STEPS ұлттық зерттеуі аясында жиналған деректерді талдаған. Денсаулық сақтау министрлігінің гранттық қаржыландыруымен жүргізілген зерттеу нәтижелері BMC Endocrine Disorders халықаралық ғылыми журналында жарияланды.
Зерттеуге жасы 18-ден 69-ға дейінгі 3 083 ер адам қатысқан. Ғалымдар қандағы жалпы тестостерон мөлшерінің литріне 8 наномольден төмен болуын негізгі көрсеткіш ретінде алған. Бұл деңгей гормон тапшылығының биохимиялық белгілерін анықтау үшін қолданылады.
Зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы ерлердің 5,3 пайызында тестостерон деңгейі төмен екені анықталған. Бұл шамамен әрбір 20 ер адамның бірінде кездеседі.
Жасы, дене салмағының индексі және гликирленген гемоглобин (HbA1c) деңгейі ескерілген 2 959 ер адамның деректеріне жүргізілген талдау гормон деңгейі зат алмасу жағдайымен тікелей байланысты екенін көрсетті.
Артық салмағы бар ер адамдарда тестостерон деңгейінің төмен болу ықтималдығы қалыпты салмақтағы ерлерге қарағанда 2,05 есе жоғары болған. Ал гормонның орташа мөлшері 15 пайызға төмен екені байқалған. Семіздік кезінде бұл ықтималдық 4,58 есе артып, тестостерон деңгейі 24,8 пайызға азайған.
Қандағы гликирленген гемоглобин көрсеткіші диабет алды деңгейіне сәйкес келетін ер адамдарда тестостерон тапшылығының ықтималдығы 2,39 есе жоғары болған. Бұл топта гормон мөлшері 19 пайызға төмендеген. Ал диабетке тән көрсеткіштері бар ерлерде гормон деңгейінің төмен болу ықтималдығы 3,49 есе артып, тестостерон концентрациясы 24,5 пайызға азайған.
Алғашқы талдау кезінде жас та маңызды фактор ретінде көрінген. Мәселен, 60–69 жастағы ер адамдарда тестостерон деңгейінің төмен болу ықтималдығы 18–29 жастағылармен салыстырғанда 1,84 есе жоғары болған. Алайда дене салмағы мен қандағы қант деңгейі ескерілгеннен кейін жас көрсеткішінің статистикалық маңызы жойылған.
Зерттеу авторларының пікірінше, Қазақстандағы ер адамдарда жас ұлғайған сайын жыныстық гормондардың төмендеуіне егде жастағы топтарда семіздік пен қандағы қант деңгейін реттеу бұзылыстарының жиі кездесуі әсер етуі мүмкін.
Ғалымдар бұл байланыстың екіжақты екенін де атап өтеді, яғни зат алмасудың бұзылуы тестостерон өндірілуін тежесе, гормон тапшылығы өз кезегінде инсулинге төзімділіктің артуына және ішкі ағзалар айналасына май жиналуына ықпал етуі мүмкін.
Зерттеушілер қандағы тестостерон деңгейінің литріне 8 наномольден төмен болуы өздігінен клиникалық гипогонадизм диагнозын қоюға немесе гормондық ем тағайындауға негіз болмайтынын ескертеді. Диагнозды растау үшін айқын клиникалық белгілерді (шаршау, бұлшықет массасының азаюы, жыныстық құмарлықтың төмендеуі), таңертең қан құрамындағы гормон деңгейін бірнеше рет өлшеуді және гипоталамус-гипофиз жүйесінің жағдайын бағалау қажет.
Ғалымдардың айтуынша, зерттеу нәтижелері жұқпалы емес аурулардың алдын алуға арналған кешенді бағдарламалардың маңызын көрсетеді. Дене салмағын бақылау және диабетті ерте анықтау жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтып қана қоймай, ерлердің гормондық денсаулығын сақтауға да көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін диабетке қарсы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым алған науқастар саны 79 мыңға артқанын жазғанбыз.