Ғалымдар қорықтағы аң-құстарға мониторинг жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM — 9–12 маусым аралығында қорық аумағында жоспарлы ғылыми-зерттеу және мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мамандар фототұзақтар орнатып, аң-құстардың тіршілігін бақылап, жиналған деректерді өңдеуге кірісті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті.
Комитеттің мәліметінше, ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкерлері А.Пулатов, С. Турмагамбетов және қорғау бөлімінің мемлекеттік инспектор жүргізушісі Д. Атантаев қорық аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Өңдеу жұмыстары Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында жүргізіліп жатыр.
— Жылдық жоспарға сәйкес фототұзақтар орнатылып, деректер жиналды. Аң-құстардың тіршілігіне мониторинг жасалып, алынған мәліметтер базаға тіркеліп, өңделіп жатыр, — делінген хабарламада.
Қорық аумағында ауа-райы 9–11 маусымда оңтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 6–7 м/с, температура 25–35°С аралығында болды. 12 маусымда ауа температурасы 40°С-қа дейін көтеріліп, аптап ыстық байқалды.
Айта кетейік, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі дала қыраны Aquila nipalensis балапанын қоректендіріп жатқан сәтін жариялаған болатын.