Ғалымдар «Өлім күнін» болжайтын сағат ойлап тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Сан-Францискодағы Калифорния университетінің ғалымдары қолданушыға оның демі таусылатын күнін анықтауға көмектесетін жасанды интеллектке негізделген бағдарлама ойлап тапты. Ол «Өлім сағаты» деп аталды. Бұл туралы «New York Post» басылымы хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, өнертапқыштар бұл сағат ұзақ өмір сүруге көмектесетін жасанды интеллектке негізделген бағдарлама екенін мәлімдеген. Қолданар алдында арнайы сауалнамалар арқылы иесінің денсаулығы туралы ақпаратты жинайды. Олар салмақты, қандағы қант деңгейін және қысымды, ұйқының сапасын, физикалық белсенділікті, зиянды әдеттерді, диетаны және өмір сүру ұзақтығына әсер ететін басқа факторларды ескереді.
Сонымен қатар, болжамды өлім күнін есептеу кезінде адамның әлеуметтік өмірі мен психикалық жағдайы бағаланады – қолданба пайдаланушының қарым-қатынасқа қанша уақыт жұмсайтынын және белгілі бір кезеңде қандай көңіл күйдің басым болғанын талдайды.
«Өлім сағаты» қайтыс болған күнді дәл көрсететіні атап өтілген. Сонымен қатар, бағдарлама биологиялық жасты көрсетеді және өмірді ұзарту үшін мотивациялық құралдарды, жаттығу нұсқаларын, қосымша ұсыныстарды және дұрыс тамақтану идеяларын ұсынады.
Авторлардың айтуынша, «Өлім сағаты» адамдарды өмір салтын өзгертуге және зиянды әдеттерден бас тартуға итермелеуі мүмкін.