Ғалымдар цементбетон жабынын сақтап қалатын материалдарды сынақтан өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚазжолҒЗИ ғалымдары нарықта ұсынылған цементбетон жабынын сақтап қалуға арналған материалдардың тиімділігін анықтамақ. Бұл ретте эксперименттік учаскелерде нарықта ұсынылған материалдар конкурстық сынақтан өткізіледі.
Сынақ еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірлерінде жүргізіледі. Оның себебі жоқ емес. Бұл — әртүрлі климаттық жағдайларда материалдардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Конкурстық сынақ барысында әртүрлі материалдардың функционалдық қасиеттері туралы деректер жиналып, құрамындағы кемшіліктерді жоюға және құрамын жақсартуға жол ашылмақ.
Оның нәтижесі келесі жылдың көктемінде айқындалады, кейін ведомстволық ұйымдардың қатысуымен цементбетон жабындарын күтіп-ұстау кезінде нарықта бар материалдардың сапасы мен оларды қолданудың орындылығы талқыланады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жолшы ғалымдар отандық жол бояуын өндірушілер арасында сынақ өткізген болатын.
Өнімдері конкурстық сынақтан өтпейтін рейтингі төмен өндірушілерді мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысуға жібермеу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, ҚазжолҒЗИ автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мақсатында құрылыс пен күтіп-ұстаудың барлық кезеңдерінде қолданылатын материалдарға тексеру жүргізіп, рейтингтік әдісті қолдануды жоспарлап отыр.
Ал цементбетон жабынын сақтап қалуға арналған материалдардың функционалдық қасиеттерін анықтау жол инфрақұрылымын жақсарту және оның қызмет ету мерзімін ұзарту бойынша инновациялық шешімдерді іздеп-табуға үшін зерттеу жүргізуге мүмкіндік бермек.