Ғалымдар түйе сүтін көбейтетін жусан негізіндегі жаңа жем түрін жасады

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жусан негізіндегі биологиялық белсенді қоспасы бар, сауын түйелерге арналған алғашқы отандық экструзияланған құрама жемді әзірледі. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Ғалымдар түйе сүтін көбейтетін жусан негізіндегі жаңа жем түрін жасады
Фото: АШМ

Бұл әзірлеменің елімізде баламасы жоқ және оның тиімділігі ғылыми зерттеулер барысында дәлелденді.

Төрт апта бойы ғалымдар жаңа құрама жемнің жануарлардың сүт өнімділігіне әсерін бақылады. Нәтижесінде тәжірибелік топтағы жануарлардың орташа тәуліктік сүт сауымы бір басқа шаққанда 100 мл-ге артқаны анықталды. Сонымен қатар сүттің сапалық көрсеткіштері де жақсарды: майлылығы 1,92%-ға, ақуыз мөлшері 1,52%-ға, ал майсыз құрғақ сүт қалдығының (СОМО) үлесі 0,91%-ға өсті.

Ғалымдар түйе сүтін көбейтетін жусан негізіндегі жаңа жем түрін жасады
Фото: АШМ

— Әзірлеменің басты ерекшелігі — Қазақстан аумағында кең таралған жусан өсімдігі негізінде дайындалған биологиялық белсенді қоспаны пайдалануында. Заманауи өңдеу технологияларының арқасында ғалымдар қоректік заттардың тиімді игерілуіне және жануарлардың өнімділігін арттыруға ықпал ететін функционалды жем әзірледі, — делінген хабарламада.

Бұл әзірлеме әсіресе құрғақ климат жағдайындағы өңірлер үшін өзекті. Себебі түйе шаруашылығы мұндай аймақтарда мал шаруашылығының ең төзімді әрі болашағы зор бағыттарының бірі болып саналады. Жаңа құрама жемді өндіріске енгізу түйе сүтін өндіру тиімділігін арттыруға және жем өндірісінде отандық өсімдік шикізатын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.

Ғалымдар түйе сүтін көбейтетін жусан негізіндегі жаңа жем түрін жасады
Фото: АШМ

Жоба авторларының айтуынша, зерттеу нәтижелері түйе шаруашылығын дамытуға және түйе сүті негізінде қосымша құны жоғары өнімдер өндіруге жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Бұған дейін ақтаулық жас наубайшы шұбат пен балқаймақтан ерекше бәліш дайындағанын жаздық.