Ғалымдар ЖИ-дің көмегімен қанттың 92 ықтимал алмастырғышын анықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль ғалымдары жасанды интеллект жүйесінің көмегімен қанттың жаңа алмастырғыштарын жасауға жарамды 92 химиялық затты анықтады. Ол үшін зерттеушілер 50 миллионнан астам химиялық затты талдаған, деп хабарлайды Food Chemistry ғылыми журналы.
Жаңа технология машиналық оқыту мен молекулаларды компьютерлік модельдеу әдістерін біріктіреді. Ол тәтті дәмге ие болуы мүмкін, бірақ кейбір жасанды тәттілендіргіштерге тән ащы немесе металл дәмін қалдырмайтын заттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Жүйені әзірлеу кезінде ғалымдар тәтті және ащы дәмі белгілі қосылыстар туралы деректерді пайдаланған. Соның негізінде әртүрлі химиялық заттардың дәмдік қасиеттерін болжай алатын модельдер жасалды.
Одан кейін зерттеушілер құрамында шамамен 50,7 миллион молекула бар үш химиялық дерекқорды талдады. Жасанды интеллект көмегімен адамның тәтті дәмді сезетін рецепторларымен әрекеттесе алатын қосылыстар іріктелді.
Бірнеше кезеңнен кейін ықтимал тәттілендіргіштердің тізімі 556 қосылысқа дейін қысқарды. Олардың ішінен ғалымдар одан әрі зерттеуге лайық 92 перспективалы затты бөліп алды.
Мамандардың айтуынша, іріктелген заттардың көпшілігінің химиялық құрылымы қолданыстағы қант алмастырғыштардан өзгеше. Бұл тәттілендіргіштердің мүлде жаңа түрлерін жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар зерттеушілер әзірге бұл нәтижелер тек компьютерлік модельдеу арқылы алынғанын атап өтті. Енді ғалымдар анықталған қосылыстардың дәмдік қасиеттерін тәжірибе жүзінде тексеріп, қауіпсіздігі мен тамақ өнеркәсібінде қолдануға жарамдылығын бағалауы қажет.
Еске сала кетсек, бұған дейін ғалымдардың молекулалардың үшөлшемді модельдері арқылы заттардың химиялық формулаларын 99,53 пайыз дәлдікпен анықтай алатын нейрондық желі әзірлегені хабарланған еді. Бұл технология жаңа химиялық қосылыстардың қасиеттерін болжау үдерісін жеделдетуі мүмкін.