Ғалымдарға 56 күндік демалыс беріледі: Президент заңға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Құжат ғылым, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және әскери қызмет салаларындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған.

наука
Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заңға сәйкес, ғылыми қалашықтар мен ғылыми-технологиялық парктер түріндегі ғылымды қажетсінетін аумақтар құрылады. Олардың құқықтық мәртебесі, басқару тетіктері, қаржыландыру көздері және мемлекеттік қолдау шаралары айқындалды. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер беру, арнайы экономикалық аймақтар режимін қолдану және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Түзетулердің бір бөлігі ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіруге арналған. Ғылыми жобаларды келісімшарт жасалған сәттен бастап зерттеу аяқталғанға дейінгі толық цикл бойынша іске асыру тәртібі белгіленеді. Сондай-ақ тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруды қолдау шаралары көзделген.

Құжатта ортақ пайдалануға арналған зертханалар институты енгізіледі. Бұл ғалымдардың, студенттердің және жас зерттеушілердің ғылыми жабдықтар мен инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылыми инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру шаралары қарастырылған.

Заңмен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қызметіне қатысты тетіктер нақтыланды. Атап айтқанда, академияның елдегі жетекші ғылыми ұйым ретіндегі рөлі күшейтіліп, ғылымның жай-күйі мен даму үрдістері туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы әзірлеу міндеті енгізілді.

Сондай-ақ заңнамалық деңгейде ғалымдардың құқықтары, академиялық еркіндік және ғылыми сала қызметкерлерінің еңбекақысын төлеудің бірыңғай тәсілдері бекітілді. Бұдан бөлек, барлық ғылыми ұйым қызметкерлеріне жыл сайынғы 56 күндік ақылы еңбек демалысы беріледі.

Түзетулер денсаулық сақтау саласын да қамтиды. Атап айтқанда, дәрілік заттарды тіркеу рәсімдері оңтайландырылып, кешенді мемлекеттік қызмет енгізіледі. Бұл тіркеу мерзімін екі есе жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ дәрілік препараттардың сапасын бақылауды күшейту және референс-орталықтарды дамыту бойынша қосымша шаралар қарастырылған.

Бұдан бөлек, ұзақ уақыт кома жағдайында жатқан азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында олардың туыстарына мүгедектікті рәсімдеу үшін өтініш беру мүмкіндігі беріледі.

Аталған құжатты бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты қарап, мақұлдаған болатын.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды.