Ғалымжан Кенжебек словакиялық клубтың қатарын толықтырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық футболшы Ғалымжан Кенжебек словакиялық «Кошице» командасының сапын толықтырды.

Sports.kz-тің мәліметінше, отандасымыз жаңа командасының сапында 2027 жылға дейін өнер көрсетеді. Словакиялық клуб талантты футболшымен 2 жылға келісімшарт жасасты.
Ғалымжан Кенжебек - Қазақстан жастар құрамасының көшбасшы ойыншысы. Ұлттық құрама сапында да бір ойын өткізіп үлгерген.
Тараз футбол мектебінен түлеп шыққан ойыншы алматылық «Қайрат» академиясына қабылданып, жергілікті клуб сапында доп тепті. Сондай-ақ «Мақтарал», «Жеңіс» командаларында да бағын сынады.
Ол бұған дейін кипрлік «Акритас» футбол клубында өнер көрсетіп, 13 кездесуде 4 гол, 1 нәтижелі паспен көзге түсті.
Айта кетейік, «Кошице» Словакия чемпионатының ХVIII турынан кейін 20 ұпай еншілеп, 7-орында тұр. Аталмыш команда келесі кездесуін 2 ақпан күні «Жилинаға» қарсы өткізеді.