Галина Воскобоева Астанада жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық теннисші Галина Воскобоева Астанада жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді.
None
None

Жаттығу барысында жеткіншектер Воскобоевамен кішігірім сайысқа түсуге мүмкіндік алды. Жалпы бұл шараға елордада теннис үйірмесіне қатысып жүрген 100-ден астам бала келді.

«Балалардың қарасы аз болатын шығар деп ойлап едім, мен алдын ала ұйымдастырушылардан сұрағанымда жеткіншектердің саны бұдан екі есе аз еді. Бұл керемет! Шеберлік сабақтары бір күннің ішінде балаларды үйретіп шығу дегенді білдірмейді, көбіне мұндай кездесулер жас спортшылардың жігерін жандырып, шабытын қоздыру үшін, баланың талапты болуына өз үлесіңді қосу мақсатында өткізіледі. Оқытуға келетін болсақ, бұл күнделікті ауыр жаттығулар, ауыр еңбекпен келетін нәрсе», - деді ол.

Оның айтуынша, балалар мен олардың ата-аналары бүгін көп келгені көз қуантады, себебі бұл Қазақстанда теннистің қарыштап келе жатқандығының белгісі.

«Әлемнің ең беделді жарыстарында өз бағын сынап жүрген тәжірибелі кәсіпқой спортшымен бір кортта ойнау бөлек сезім. Күнделікті жаттығуларға ғана барып жүрген, енді қанат жайып келе жатқан спортшылар үшін ол маңызды, себебі сол арқылы олардың жүрегінде құштарлық, от, ынта пайда болады. Мен өз тәжірибемнен білемін, сен бүгін басқа сезіммен келуің ықтимал, ертең келесі Шарапова немесе екінші Федерер боламын деген нық сезіммен келуің мүмкін», - дейді Г.Воскобоева.

Бұның алдында ұлттық құрама теннисшісі Алматыда дәл осындай шеберлік сабағын өткізген. Ол кезде де жас балғындар көп қатысты. Астанада өткізілген шарадан соң, Г.Воскобоева Шымкент жастарына өз тәжірибесімен бөлісуге аттанады.

Еске сала кетейік, соңғы айға дейін Г.Воскобоева Қазақстанның бірінші ракеткасы болды. Алайда ол аяғынан жарақат алып, ота жасатқан болатын. Спортшы кортқа қашан шығатынын айта алмады.

Соңғы жаңалықтар