Ғалым Қалжан Ахун Бөлекбайұлының 150 жылдық мерейтойы аясында жаңа кітап жарық көрді

АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында  Шәмсия Қалжанованың «Қалжан Ахун» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Ғалым Қалжан Ахун Бөлекбайұлының 150 жылдық мерейтойы аясында жаңа кітап жарық көрді

Бұл кітап Қалжан Ахунның немересі Шәмсия Қалжанованың 2002 жылы «Санат» баспасынан орыс тілінде жарық көрген «Қалжан Ахун» атты кітабының қазақ тіліне аударылып шыққан басылымы болып табылады. Кітап Қалжан (Қалмұхаммед) Ахун Бөлекбайұлының 150 жылдық мерейтойы аясында арнайы қазақ тілінде шөберелері - Испаева Жанар мен Гүлнардың мұрындық болуымен аударылып,   шығарылып отыр.

Кітапта  ғалымның өмірі мен еңбек жолы, ағартушылық қызметі кеңінен баяндалады және  қазақ халқының тарихында күрделі із қалдырған XIX ғасырдың тарихи кезеңдері орын алған. Басылымда автор сондай-ақ,  әкесінің адал еңбегін теріс таныған кеңестік саясаттың шоқпарына ұшыраған Уамық пен Мағұмардың еңбектерін ашып жазған. Басылымға  сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрағаттарынан табылған Уамық Қалжанұлының және оның замандастарының өлеңдері енгізілген.   Кітапты жанұялық тарихты баяндайтын көркем шығарма ғана емес, Қызылорда тарихи шежіресін баяндайтын туынды десе болады.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне автордың отбасы, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, кітапхананың оқырмандары мен қызметкерлері, сонымен қатар Қызылорда облысынан, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ержан Уәйіс басқарған арнайы делегация қатысты.

Ержан мырза Қалжан ахунның өміріне тоқтала келіп, Қалжан ахун медресесінің мемлекет қорғауына алынғанын, 2009 жылы медресені қайта қалпына келтіру мен абаттандыру шараларына облыс қаражатынан 20 миллион теңге қаржы бөлінгенін айтты. Делегация құрамынан сөз алған жазушы Ұзақбай Бегімбетов Қалжан ахунның әйгілі Құнанбайға бата бергені жайлы қызықты деректерді жеткізді.

Қалжан Ахун Бөлекбайұлы 1862 жылы дүниеге келген. Қалжан Ахун - ғалым және діни ағартушы, ол араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, Хиуа мен Бұхарада (Көкілташ медресесі) жоғары білім алып, Қызылорда облысының Тереңөзек ауылында ағартушылық қызметтермен айналысқан. Қалжан Ахун ислам дінін насихаттаумен шектелмей, өз шәкірттерін Шығыстың ғылыми және рухани бай мұрасымен таныстырған. Қалжан (Қалмұхаммед) Ахун Бөлекбайұлының 150 жылдық мерейтойы биыл Қызылорда облысында кеңінен атап өтілмек.

Кітаптың авторы Шәмсия Қалжанова 1929 жылы Қызылорда облысының қазіргі «Қалжан Ахун» ауылында дүниеге келген. 40 жыл бойы халыққа білім беру саласында еңбек етіп, мектеп директоры, Қызылорда қаласы атқару комитетінің төрайымы болып қызмет атқарған. Қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған.