Ғалым Намазалы Омашұлының 70 жасқа толуына орай елордада ғылыми конференция өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де көрнекті ғалым Намазалы Омашұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Еліміздің медиакеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі университеттің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылым докторы, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, халықаралық ORBICOM ұйымының мүшесі, UNESCO профессоры, теоретик ғалым, публицист Намазалы Омашұлының 70 жасқа толу құрметіне орай ұйымдастырылған конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли қатысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ресми қолдау білдірген конференция аясында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бекқожин және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев, тағы басқа да тілеулес жандардың ыстық лебізге толы құттықтаулары оқылды. Ақындар Несіпбек Айтұлы мен Бауыржан Жақып жырдан шашу шашса, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубеков пен ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ шәкірттері мен ұжымдары атынан естелік сыйлықтарын тапсырды.

Сондай-ақ ақын Жүрсін Ерман «Бірегей (тұлғатану орайында)», Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры (Қырғызстан) Әбіғаны Халилов «Қазақ және қырғыз журналистика ғылымының жетекшісі», Халықаралық ақпараттық-технологиялар университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов «Журналистика ғылымының мектебі және Н.Омашұлы еңбегі», филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Ақылы мен қайратын қатар ұстап», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек «Берік ұстаным мен терең парасат» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Мерейтой иесіне арналған шара аясында «Профессор Н. Омашұлы» деректі фильмі көрсетіліп, ғалымға арналған кітаптың («Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген) тұсаускесері өткізілді. Сонымен бірге университеттің «Күлтегін» атриумында мерейтой иесі еңбектерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды.

Жиынға қатысушылар түс ауа «Қазіргі қазақ журналистикасы және заманауи үрдістер», «Қазақстан медиакеңістігіндегі заманауи бағдарлар» және «Отандық журналистика: жаңа қағидаттар мен өлшемдер» тақырыбы бойынша үш секцияға бөлініп, конференция жұмысын одан әрі жалғастырды.



